Дос болайық бәріміз
Дүниедегі ең ұлы сезімдердің бірі – достық. Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Қандай да бір қиындыққа тап болсаң, оны досыңмен бөлісіп, досыңның ақылын тыңдап, шешім таба аласың. Достық адамдардың ең алдымен бір-біріне сенуінен басталады. Ол артқан сайын, достық та қатая түседі. Колледж білім алушыларына осы ұлы сезімді ұғындыру және білім алушылардың арасында жағымды қарым-қатынас орнату, сыйласуға, адал дос болуға және қоршаған ортамен дос болуға үйрету, білім алушылардың достық сезімін, дос қандай болу керек және кімдермен дос болу керектігін тереңірек түсіндіре білу, олардың досқа деген талғам-танымын шыңдау мақсатында колледж жатақханасында жатақхана тәрбиешісі Искендирова Жанарым Максутбековнамен бірлесіп "Дос болайық бәріміз" тақырыбында психологиялық тренинг өткізілді. Тренинг барысында Жанарым Максутбековна ұйымшылдық, татулық сияқты ұғымдармен таныстырып, білім алушыларымызға түсінік берді. "Дос дегеніміз кім?" және "Жалған дос дегеніміз кім?" тақырыптарында білім алушыларымыз өз ойларын ортаға салып, постер қорғады. Сонымен қатар, ұжымдық қарым-қатынасты дамыту мақсатында топтық психологиялық ойындар ойналды. Алда келе жатқан емтихан, бақылау алдындағы қобалжу сезімінен арылу үшін "Жасырын эмоцияларды шығар" психологиялық жаттығуы жасалды. Тренинг соңында білім алушылар "Достық кемпірқосағын" өз қолдарымен жасап, бүгінгі тренингтен пайдалы ақпарат алғандарын және ерекше көтеріңкі көңіл-күйге бөленгендерімен бөлісті. Жатақхана тәрбиешісі мен психологқа өз алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.