Бойындағы кеңдік пен дархандық, жомарт қасиеттері өзгелерден ерекшеленіп, бауырмалдылықпен құшағын ашып, бір дастархан басында ән-күйін қалықтатып, әр күнің той-думанға айналдыратын біздің халқымыз үшін әлемді әлекке салған дерттің елімізге ат басын бұруы қамсыз жүрген сәттердің қадірін түсіндіргендей. Үйінің есігіне құлып салмай, құдайы қонағын күткен, арам пиғылдан аулақ жандар үшін өз қаласына кірерде әскери адамдардың күтіп алып, құжатын тексеруі әуре-сарсаңға салғандай көрінгені жасырын емес. Десек те, осының бәрі сіз бен біздің денсаулығымыз үшін жасалғанын естен шығармауымыз керек. Бұл орайда, жұмыскер де, студент те, оқушы да үйде. Себебі, қоғамға адам денсаулығы маңызды. Міне, сондықтан елімізде барлық оқу орындары қашықтықтан білім алу үстінде. Әртүрлі электронды бағдарламалардың оқу процесіне өз септігін тигізіп жатқанын көзімізбен көріп отырмыз, осы ретте біздің оқу орнымыздың студенттері білім алуда «EduPage» бағдарламасына жүгінуде. Студенттеріміз үшін бұл бағдарламаның тілін меңгеру қиынға соқпады, бағдарлама бойынша берілген тапсырмаларды алуда оқытушыға жеткізуде қолайлы. Қашықтықтан оқи отырып біз өзімізді жан-жақты дамытып, білім алу үшін ешнәрсенің кедергі болмайтынын ұқтық. Сондықтан, қашықтықтан оқытудың біршама артықшылықтарына тоқталғым келеді: біріншіден, студент оқу орнына барып келетін бірнеше сағатты енді өзін жетілдіруге арнайды, өз қалауымен айналысады, демек бұл уақытыңыздың үнемделуі. Екіншіден, ізденісті күшейту, яғни сіз тапсырманы толықтай өз бетіңізбен орындайсыз, зерттейсіз, қорытынды жасап, нәтиже шығарасыз. Үшіншіден, ата-аналардың білім беру үрдісін және оқытушылардың қарым-қатынасын бақылау мүмкіндігі. Бұл тізбекті айтып тауыса алмауымыз мүмкін, бірақ, біздің жарқын жүзді ұстаздарымыз бен қызыққа толы сәттердің себепкері, бір үйдің баласындай болған адал достарымызды, шаттыққа толы оқу орнымызды сағынғанымыз да жасырын емес. Күні кеше президентіміздің мәлімдемесіне сәйкес карантин режимі мамыр айының 11-жұлдызына дейін ұзартылғаны жарияланды. Сондықтан, қырығына шыдаған біз қырық біріне де сабырлылық танытуымыз керек. Ал, мен сізге осы санаулы күндерді өзіңізді жетілдіруге арнаңыз дегім келеді. Негатив ойлардан аулақ болып, отбасыңызға көңіл бөліңіз, мотивациялық кинолар қарап, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз, жақындарыңыздың жағдайын сұрап, жақсы сөздеріңізді айтуды да ұмыт қалдырмаңыз, бастысы уақытты ұтымды пайдаланыңыз. Бекем бірлігіміздің арқасында сын сағаттан сүрінбей өтетінімізге сенемін, сізде сеніңіз!!!
Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің
БМ-21 тобының студенті Сәтбай Айзат