Отбасы адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да, отбасы адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар намысын сақтауға, адалдыққа,адамдыққа тәрбиелеген.
Колледжімізде жас отау тігіп, махаббат пен тату-тәттіліктің, береке-бірліктің нышаны болып отырған білім алушыларымыз, яғни жас отбасыларымыз бар. Оларды тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, сонымен қатар болашақта үлгілі, өнегелі отбасы болып қалыптасулары үшін жақсы тәлім-тәрбие, ақыл-кеңестер беруіміз қажет деп есептейміз. Осы мақсатта колледжімізде психолог маман Айнұр Бақытқызы "Отбасы-бақыт мекені" атты қаламыздың құрметті азаматы, ардагер-ұстаз, Арқалық қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы ардақты әке Жәнібек Ғаппасұлымен және жұбайы ардагер-ұстаз, әнші, аяулы ана Жақыпбекова Қарлығаш анамызбен жас отбасылардың және білім алушылардың кездесуі өткізілді. Кездесудің мақсаты жас отбасыларымызға өнегелі ұл, тәрбиелі қыз тәрбиелеп, 50 жыл бойы бір шаңырақ астында тұрып,өмір өткелдерінен қол ұстасып өтіп келе жатқан Жәнібек әкеміз бен Қарлығаш анамыздың отбасын үлгі етіп көрсету және тағылымы мол тәрбиеге толы әңгімелерін тыңдап, сұхбаттасу болатын. Кездесу барысында Жәнібек әкеміз бен Қарлығаш анамыз қалай танысқандарын және отбасында орын алған дау-жанжалды қалай шешу керектігін, үлгілі отбасы болып, ұрпақ тәрбиелеуде қандай асыл қасиеттер қажет екендігін өз өмірлерін тәжірбиеге ала отырып әңгімелеп берді. "Үйлену оңай, үй болу қиын" екендігін баса айтып өтті. Сабырлық, шыдамдылық, төзімділік сияқты асыл қасиеттер үлгілі отбасы болудың алтын кілті екендігін атап өтті. Жәнібек әкеміз қабағын түйіп, қатты қараған сәттерде Қарлығаш анамыз тәтті етіп жымиып, жылы жүзін төге салу да отбасылық жылулықтың құпиясы екендігін айтып берді. Кездесу барысында білім алушыларымыз өз өнерлерін ортаға салды әуезді ән салып, музыка бөлімінің шәкірттері күмбірлете күй тартып берді. Анамыз бен әкемізге де қолқа салып, "қонақ кәде" сұрады, көптеген жылдар бойы ұстаз болған Қарлығаш апайымыз өнегеге толы термені нақышына келтіріп орындап берді. Кездесу соңында Жәнібек әкеміз мен Қарлығаш анамыз бақытты ғұмыр кешу үшін, өнегелі, үлгілі отбасы болу үшін сыйластықтың маңызды екенін, жоғарыда айтылған асыл қасиеттердің бойымыздан табылуының маңызды екендігін айтып берді. Білім алушыларымыз кездесуден ерекше әсер алғандарын және өте қызықты болғандығын айтып берді.
https://tgk-arkalyk.edu.kz/kz/psikhologiyaly-yzmet/bilim-alushylarme-zh-rgiziletin-aldyn-alu-sharalary/957-otbasy-ba-yt-mekeni.html#sigFreeId75e8091392
Колледж психологы Дакар А.